печатать
25 мая 2015
Последний звонок в лицее

   Сыңғырла, соңғы қоңырау! «Арыстанның» айбынды түлектеріне сен де ақ жол тіле! Күміс қоңыраудың сыңғырымен бір оқу жылын аяқтасақ, сенің сиқырлы сыңғырыңмен жаңа оқу жылын бастаймыз! Сыңғырың жүректерге қуаныш, көңілге шаттық күйін сыйласын! Сыңғырла, күміс қоңырау!
   2015 жылдың 25 мамыр күні «Арыстан» мамандандырылған лицейінде соңғы қоңырау соғылды. Соңғы қоңыраудың салтанатты кешіне 9-11-сынып лицеистері, командирлер, ұстаздар қауымы және ата-аналар мен арнайы шақырылған қонақтар ерекше көңіл толқуымен қатысып, әр топтың атынан шыққан сөз сөйлеушілер шын жүректен ыстық лебіздерін білдірді. Соңғы қоңыраудың айбынын қазақша-орысша сөйлеген дикторлардың үндері асқақтата түсті.
Далее...
   Оркестр ойнаған көңілді марш ырғағы Іле Алатауының баурайында орналасқан «Арыстан» лицейінде өткізіліп жатқан мерекелік шараның нұр шашуын бар әлемге паш етіп тұрғандай болды.
   Лицей алаңындағы запастағы капитан Оразов Бақыт Әмірқожаұлы бастаған Ту ұстаушы топ – 10-11 – сыныптың үздік лицеистері «Арыстан» мамандандырылған лицейінің Туын ортаға алып шықты.
   Лицей Туының пішіні – ақ түсті, төртбұрышты мата. Тудың сол жағында ұлттық ою бейнеленген. Тудың ортасында Лицейдің эмблемасы орналасқан. Эмблемадағы «МІНДЕТ, АБЫРОЙ, ЕРЛІК» деген сөздермен лицеистердің өмірлік кредосы айтылып тұрды.
   Ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалған сәтте лицеистермен қосыла тау мен тас, сай-сала толық ұрандатқандай болып, бәріміз ерекше күй кештік. Бейбіт өмірге деген алғысымыз да, өмірге деген құштарлығымыз да осы Әнұранымызбен бірге айтылып жатты.
   Мамандандырылған «Арыстан» лицейінің бастығы, запастағы генерал-майор, педагогика ғылымдарының докторы Сәбит Сәуменұлы Тауланов лицеистерді 2014-2015 оқу жылының аяқталғанымен құттықтап, жыл қорытындысының үздіктерін марапаттады.
   Бұл мерекелі күнде екінші бір зор қуанышты сәттің куәсі болдық.
   Талғар қаласының Қорғаныс істері жөніндегі Біріккен бөлімінің бастығы Оспанов Асқар Советханұлы біздің 17-ге толған бозбалаларымызға Әскери есепке алынуы жөніндегі тізімге тіркелу куәлігін салтанатты түрде табыстады. Бұл – әрбір қазақстандық жасөспірімнің өміріндегі маңызды құжат. Бұл құжат әр жас адамның Отан алдындағы жауапкершілігін, әрі еліміздің барлық азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайындығын дәлелдейді.
   Мінбеден сөйленген жүрек түкпірінен үлкен тебіреністен шыққан ақ тілекке толы сөздер, лицеистерге тілеген сәт сапар мен берілген ақ бата әркімнің есінде қалары анық.
   Ағаларына ақ жол тілеген 9-10-сыныптың лицеистерінің сөздері 11 –сынып бітіруші түлектеріне ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинау ісіне тоғысты. Рас, біз бәріміз өз түлектеріміздің өмірде өз жолдарын тапқандарын қалаймыз, сондықтан әрқайсысына 100-ден жоғары ұпайлар тілейміз. Себебі біздің оқушыларымыз өзіміздің жүрегімізге жақын, ыстық, біз оларға сенеміз!
   «Арыстан» лицейінің абыройын аспанға көтеретін де, ұстаздар мен командирлердің еңбектерін жандыратын да – лицеистердің ҰБТ-дан жинайтын ұпайлары.
   Соңғы қоңырау соғу құрметіне биыл 11-сыныптың озат лицеисі Темирғалиев Ерназар мен 9-сыныптың озат шәкірті Ковалев Данил ие болды. Ағасы інісіне жол көрсетті, інісі абыроймен жалғастыру үшін лицеистік қоңырауды күмбірлете соқты. Көркем де келісті келген екі бозбаланың қолындағы күміс қоңыраудың үні құлағымыздан көпке дейін кетпесі анық. Соңғы қоңырау үні – балалықпен қоштасудың белгісі әрі болашаққа бастайтын алғашқы қадамдарына сәт сапар тілеу ниеті!
   Сыңғырла, соңғы қоңырау! Сенің үнің қуаныш пен сағыныштан жаралған! Балдай тәтті балалық пен алаңсыз өткізген бақытты өмірді сағынсақ, алтын ұя мектебімізді еске аламыз, кездесулер өткіземіз. Күміс қоңыраудың үнімен бірге жүрегіміз қуана қатты дүрсілдейді. Сенің сыңғырыңмен лицей шәкірті атанған жасөспірімдер бүгінде қанаттары қатайып, алтын ұяларынан ұшуға дайындалуда. Жас қырандарға сәттілік тілейік! Сенің сазды әуеніңмен олар да бір күні осында бас қосуы анық.
   Сыңғырла, соңғы қоңырау! «Арыстанның» айбынды түлектеріне сен де ақ жол тіле! Күміс қоңыраудың сыңғырымен бір оқу жылын аяқтасақ, сенің сиқырлы сыңғырыңмен жаңа оқу жылын бастаймыз! Сыңғырың жүректерге қуаныш, көңілге шаттық күйін сыйласын! Сыңғырла, күміс қоңырау!
count631142631142 
webart.kz
Создание сайта
WebArt Design Studio
Copyright © 2017 Лицей “АРЫСТАН”. Все права защищены