ҚЗ  /  РУ  /  EN

Толе би туралы

   Ұлы Даланың даңғайыр данышпаны, Әлібекұлы Төле бидің 360 жылдығына арналған «Туралықты тұғыр еткен Төле би» атты әдеби кеш 2024 жылдың ақпан айының 27 жұлдызында «Арыстан» мамандандырылған лицейінде өткізілді. Кештің сценарийін құрастырған, әрі ұйымдастырған – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салимова Несіпкүл Төлегенқызы.
   Кештің мақсаты: Қазақ халқының атақты биі, көрнекті мемлекет қайраткері, дипломат, қазақ қоғамы өмірінің барлық саласын қамтитын «Жеті жарғы» құқықтық заң жобасын жасаушылардың бірі Әлібекұлы Төле бидің туғанына 360 жыл толуына орай өмірі мен шығармашылығына шолу жасау.
   Төле бидің нақыл сөздері арқылы лицеистерді әділдікке, парасаттылыққа, елжандылыққа тәрбиелеу, Отанын сүюге баулу.
   Кешті өткізуге белсене қатысқан лицеистер: Мыңбай Асыл(9А), Абаев Алибек (9А), Бақытжан Ерали (9А), Өмірәлиев Жансерік (9А), Адылбек Бексұлтан (9Б), Каримов Арсен (9Г), Карпов Вадим (9Г), Мәлік Данияр (9Г), Таңжарық Ақжол (9Г).
   Лицеистердің Төле би аталарының нақыл сөздерін жаттап, сахнадан әр тыңдарманға жеткізуі, оларды ойландыруы, өзекті мәселелерді сезіндіре білуі – өз алдына үлкен еңбек болып есептеледі. Лицеистер тарихқа терең бойлай отырып, дана бидің өмірі мен көрегендікпен айтқан өсиет сөздеріне қанық болды. Сондай-ақ, дана бидің ел мұратына деген кіршіксіз адалдық, билік айтардағы қара қылды қақ жарған әділдігі, ақиқаттығы, турашылдығы – өскелең жас ұрпақ үшін таптырмас өнеге.
   Сондай-ақ кешті жүргізуші: Нұргелді Құрмет (9А) пен Злобин Роман (10В) Төле би туралы лицеистерге көптеген ақпарат бере отырып, білімдерін кеңейтті, толықтырды.
   9-11 сынып лицеистері орындарынан тұрып, «Атамекен» әнін ерекше рухтанып айтқаны – олардың өз Отанына деген сүйіспеншілігінің нышаны деп түсінуге болады.
   Заманын болжай білген Төле би әділдікті ең басты құндылық ретінде ұстанады.Төле би бабамыздың ізгі әркеттері мен биік болмысы, даналығы мен тапқырлығы, әділ шешімі мен билік кесімдері елге қызмет етемін деген әрбір азаматқа үлгі болуы сөзсіз.
   Шынымен де, жастарды патриотизм рухында тәрбиелеуде би-шешендердің сөзі маңызды рөл атқарады. Кемел істерге ұйытқы бола білген билердің шешендік өнерінде кездесер тәлімі мол, үйретері көп ғибраттар – бүгінгі күні болашақ ұрпақ үшін тәрбие құралы.


Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салимова Несіпкүл Төлегенқызы