14 июня 2019
http://kazgazeta.kz/Қазақ әскерінің элиталы өкілдерін дайындайтын «Арыстан» мамандандырылған лицейі кезекті түлектерін бітіріп шығарды. Салтанатты жиын ҚР мемлекеттік Әнұраны орындалуынан кейін Лицей басшысы педагогика ғылымдарының докторы, запастағы генерал-майор Тауланов Сәбит Сәуменұлының құттықтау сөзімен ашылды.
«Құрметті түлектер, сендер Қазақстанның болашағысыңдар. Лицейде алған білім мен тәрбие өмір бойына азық болады деп ойлаймын. Бүгін бітіріп жатқан 80 баланың әрбірі ел дамуына үлес қосады деп ойлаймын. Ендеше, ақ жол, жолдарың болсын», – деді лицей басшысы С.Тауланов.
Лицейді бітіруші түлектерге мамандандырылған лицей «Арыстанды» бітірулері туралы салтанатты түрде аттестаттар мен арнайы төс белгілері тапсырылып, болашақ өмірлеріне сәт сапар айтқан ақ тілектер легі ағылды. Лицеистер алтын ұя – «Арыстан» лицейінің Туымен қоштасып, болашақ бітірушілерге арналған капсуланы орнатты.
Салтанатты жиынға «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру Қоры» Қоғамдық қорының директорының орынбасары, профессор Сыздыкова Ғайша Насыровқызы, Талғар ауданының әкімі Р.А.Сатбаев, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері мен ҚР Құрлық әскери күштерінің басшылығынан полковник Рысбай Асхат пен ата-аналар комитетінің өкілдері мен өзге де қонақтар қатысты.
Биыл «Арыстан» лицейінің құрылғанына 8 жыл. Дицей ұжымы 7-рет түлектерін шығарып салды. Солардың біразы АҚШ, Беларусь, Қытай, Ресей, Түркия, Украинадан өз видео құттықтауларын жолдады. Енді біреулері Лицейін құттықтау үшін арнайы келіп, жаңа буынға сәттілік тіледі. Бір отбасыдан бірнеше ұланның Лицейде өз білімдерін жалғастыруының көрінісі ретінде ағалы-інілі курсанттар мен лицеистерге арнайы сөз берілді.
Ал «Арыстанның» бүгінгі тәрбиеленушілері қонақтарға өз кезегінде запастағы полковник В.В.Небылицаның басшылығымен қарумен әскери саптық амалдарын орындап және запастағы полковник А.Т.Бекишевтің басшылығымен 3 түрлі спорт түрінен көріністік жаттығулар қимылын көрсетіп, көрермендерді риза етті.
Хореограф мұғалім Ю.С.Лемешкинаның көркемдік жетекшілігімен тамаша вальс биін тарту етті. Сонымен қатар лицейдің Құрметті Қарауыл взводының айбынды жігіттері карабинмен саптық тәсілдерін орындап, шеберліктерін көрсетті. Мерекенің жалғасы «Арыстан» мамандандырылған лицей оқушыларының толық құрамының салтанатты шеруіне ұласты. Бұл рәсім әр лицеистің жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатады. Салтанатты шеруді Лицей туын ұстаушы топ бастады. Ту ұстаушы топ құрамы: запастағы капитан Садыков Асқар Серікболұлы және оқу үлгерімі мен сап дайындығы бойынша 11 – сыныптың үздік лицеистері – Серикбай Еркетан, Есенов Хабдулла, Бахытжан Қажымұқан «Арыстан» мамандандырылған лицейінің Туын ортаға алып шығып, келесі оқу жылының үздік лицеистеріне табыстады.
Жиын соңы лицей оқушыларының салтанатты әскери сапта жүру шеруімен аяқталды. Жиынға қатысқан қонақтар лицей басшысы запастағы генерал-майор,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Сәбит Сәуменұлы Таулановқа, ұстаздар ұжымына, лицей қызметкерлеріне, оқушыларына лицейдің болашақта бұдан биік жетістіктерге жетуіне ыстық лебіздерін білдіріп, шынайы қуаныштарымен бөлісті.
Бітіру кеші кеш қатысушылары мен қонақтарына салтанатты көңіл күй сыйлады, лицеистердің жігер мен шаттық, отаншылдық рухын қонақтарға дарытты. Қонақтар болашаққа деген сенімдерін шыңдап, «Арыстан» атты әскери бағыттағы мамандандырылған лицей түлектерінен үлкен үміт арқалап қайтты. Себебі әр мемлекет өзінің Қарулы Күштерімен ғана қауіп-қатерден қорғана алады. Әскері күшті мемлекет жаһандану әлемінде өз орнын сақтайды. Ал біздің арыстандықтар біздің кемел болашағымыздың қауіпсіздігін қорғайтын элиталық құрам болып қалыптасады. Біздің лицей Отан қорғаушылардың сапалы тобын қалыптастыруға күш салуда. Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарын толықтыратын білімді де, саналы, патриот болашақ әскери қызметкерлерге тек ақ жол тілейміз! Көк байрағымыз көгімізде мәңгі желбіресін, Отан қорғаушы ұландар саны мен сапасы жыл сайын арта берсін! Алға «Арыстан!».
Арман Құдайберген