ҚЗ  /  РУ  /  EN
  
   Лицейдің білім беру сапасын көтеру, лицеистердің бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру мен оларға эстетикалық тәрбие беру мақсатында «Нұрсұлтан Назарбаев білім беру қоры» Қоғамдық қоры филиалында әскери бағытта «Арыстан» мамандандырылған лицейі 2013-2014 оқу жылының ІІ жартысынан бастап М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрымен бірлесе қызмет атқарып келеді.
   Бекітілген жоспар бойынша 2015 жылдың қаңтар айында 11 "Б" сынып лицеистері аталмыш театрға барып қайтты.
   Қойылым басталмас бұрын шәкірттер театрдың қалыптасу тарихы мен шежіресі жайлы мағлұматтар беретін мұражайда болып, мұражай экспонаттарын өз көздерімен көріп қайтты. 1926 бергі жылдардан сақталынып келе жатқан театр актерлерінің сахнада киген ең алғашқы киімдері мен ұстанған заттары өзгеріссіз бүгінгі күнге жеткені лицеистердің қызығушылығын арттырды. Театр тарихымен таныстырушы мұражай қызметкеріне лицеистер тарапынан көптеген қызықты сұрақтар қойылды, қойылған сұрақтарға мардымды жауаптар да алынды. 3-қабатта орналасқан мұражайдан лицеистер театрдың 89 жылдық өмір-болмысымен кең тұрғыда танысуға мүмкіндік алды.
   Бұл кезекте лицеистер театрдың "Томирис" атты қойылымын тамашалады. Аталған қойылым сақ дәуірінен сыр шертетін тарихи оқиға негізінде өрбиді. Сақ патшайымы Томирис пен парсы патшасы Кир арасындағы соғыс пен саяси қақтығыстар арқылы сол дәуірдің шынайы көрінісін бейнелейді.
   "Томиристі" тамашалай отырып, лицеистер тарих пен география пәні бойынша алған білімдерін тағы да бір пысықтады, ой-өрістерін кеңейтті, тарихи тұлғалар жайлы қосымша мәліметтер алды.
   М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасының декорациясы мен өнерлі актерлердің шеберлігі лицеистерге ерекше әсер етті.
   "Арыстан" мамандандырылған лицейінен барған жас көрермендер қойылым соңында театр өнері жайлы, қойылым жайлы өз ойларымын бөлісті. Лицеистер кино мен театр өнерінің ерекшеліктері мен ұқсастықтары, актер мамандығының қызықты тұстары жайлы ой қозғап, өз пікірлерін ортаға салды.

Перед театром Ауэзова