ҚЗ  /  РУ  /  EN
  
В театре Ауэзова

   Лицейдің білім беру сапасын көтеру, лицеистердің бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру мен оларға эстетикалық тәрбие беру мақсатында «Нұрсұлтан Назарбаев білім беру қоры» Қоғамдық қоры филиалының «Арыстан» мамандандырылған лицейі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры және М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры сынды мекемелерімен бірлескен шығармашылық жұмыстарын қараша мен желтоқсан айларында одан әрі жалғастырды. Аталған өнер ордаларымен "Арыстан" мамандандырылған лицейі 2 жылдан астам уақыт тұрақты байланыс орнатып келеді.
   2015 жылдың қараша-желтоқсан айларында лицеистеріміз М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының "Үйлену", "Ай мен Айша", "Қаза мен жаза" атты қойылымдарын тамашалады.
   11 "Б" сынып лицеистері өздеріне ұсынылған Гогольдің "Үйлену" шығармасы арқылы орыс халқының ұлттық болмысы мен ерекшеліктерін пайымдауға, оны қазақ тілінде түсінуге және жеткізуге мүмкіндік алды. Бұл шығарманың орыс тіліндегі түп нұсқасына үңіле отырып, лицеистеріміз қазақ тіліндегі аудармасына салыстырулар жасады.
Далее...
   10 "А" сынып шәкірттері "Ай мен Айша" қойылымына барды. Бұл қойылым Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған. Авторы - Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза. Сонау сұрапыл соғыс жылдары майданның барлық ауыртпалығын елде бастан кешкен ауыл адамдары, соның ішінде үш балапанын қалай да аман-есен жетілдіруді мақсат еткен Айшаның отбасы бейнеленеді. Алапат соғыс, ел ішінде де аштық, шарасыздық. Бұл – жалғыз Айшаның тағдыры емес, ел тағдыры. Бұл қойылым арқылы лицеистеріміз жеңіс үшін, өмір-тіршіліктің жалғасы үшін тылда жан аямай еңбек еткен барлық Ана мен баланың, кейуаналар мен ақ сақалды аталардың ерен ерлігін өз көздерімен тамашалады. Қойылым лицеистердің Отан қорғау ісі жайлы ойларына түрткі болып, пікір алмасуға ұласты.
   Ал 11 "В" сыныбы "Қаза мен жаза" атты криминалдық драманы тамашалады. Авторы - И.Вовнянко, аударған - О.Қыйқымов. Қойылымның қоюшы-режиссері - КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты А.Әшімов. Спектакльде Әсел есімді жас қызға кісі өліміне айыпты деп жала жабылады. Оқиғалары мен психологиялық шым-шытырығы мол спектакльде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің адам тағдырына деген үлкен жауапкершілігі мен жоғары кәсібилігі шебер суреттеледі. Лицеистеріміз заңның әділдігі арқылы өркениетті де еркін қоғам құруға қол жеткізуге болатынына көз жеткізді, адамдар арасында болатын түрлі қатынастар мен адами қасиеттердің ара жігін ажыратып, өз беттерінше пайымдаулар жасады.
   М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасының декорациясы мен өнерлі актерлердің шеберлігі лицеистерге ерекше әсер етті. Театр өнері жайлы хабарсыз, тұңғыш келген тәрбиеленуші жеткіншектеріміз өзі қойылым жайында өз ойларымен бөлісті.
   Әр қойылым сайын барған барлық лицеистер 4-қабатта орналасқан театр тарихымен, мұражай экспонаттармен танысты.
   26 қараша күні 10 сынып құрамасы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына барды. Лицеистер «Трубадур» операсында нағыз махаббаттың, зұлымдық пен сатқындықтың, опасыздықтың шынайы болмысын таныды. Опера желісінде бейнелеген қасірет пен қайғы, жақын адам мен қымбат құндылықтарды жоғалту адамға әрдайым бекем болуды, өзіңде барды бағалауды, онсыз да қиындыққа толы мына өмірде махабатты бағалауды үйретеді.
   Сонымен қатар 11-сыныптың 40 лицеисі аталған театрдың Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған «Легенды Великой степи» атты балет қойылымына барды. Бұл тарихи шығармада қазақ халқының қалыптасу кезеңдері шебер суреттеледі. Бірнеше атақты композиторлардың бірігуімен жасалған өнер туындысы лицеистердің патриоттық сезімдерін оятуда ерекше рөл атқарды. Қойылымның премьерасына лицей бастығы генерал-майор Сәбит Сәуменұлы Тауланов қатысты. Қойылым басында лицеистеріміз үшін театр ішінде саяхат ұйымдастырылып, театр актерларының жұмыс барысы таныстырылды. Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының басқа да көрермендері арыстандықтарға үлкен қызығушылықпен қарады. Лицеистеріміз бұл жолы да өздерін жоғары деңгейде көрсете білді.
   "Арыстан" мамандандырылған лицейінің 9-сынып тәрбиеленушілері 13-ші және 18-қараша күндері М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында болып қайтты. Бұл жолы лицеистеріміз Н.В.Гогольдің "Ревизор" шығармасын сахналады. Театр барысында жігіттеріміз сахна артында болатын құбылыстармен, әртістердің дайындық жұмыстарымен, әрлендіру бөлмелерімен танысып, фойеде орналасқан сурет көрмесін тамашалады.
   Ал 3 желтоқсанда 10-сынып лицеистері А.Буржуа мен Л.М.Колланың пьесасының желісінде дайындалған "Полная гармония" атты спектальді көрді. Басты рөлді лицейімізге жақында ғана келген М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының шығармашылық ұжымының актрисасы Марина Галщева сомдады. Бұл драмада суреттелген басты мәселе - еркек пен әйел, ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынас - қойылым соңында 10-сынып көрермендері тарапынан қызу талқыға түсті, лицеистер өз ойларымен бөлісті.
   Осы театрмен байланыс жұмыстары арқылы "Арыстан" лицейінің мәдени-рухани құндылықтарды аса құрметтейтінін көруге болады.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
оқытушысы, ф.ғ.м. Исабекова Жұлдыз Абайәліқызы