ҚЗ  /  РУ  /  EN
  

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған
«Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара

   2024 жылдың наурыз айының 30 жұлдызында «Арыстан» мамандандырылған лицейінде өткізілді.
   Мерекелік іс-шараның сценарийін құрастырған, әрі ұйымдастырған, 10-сыныптың ата-аналарымен «Көрісу» амалын ұйымдастырған – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салимова Несіпкүл Төлегенқызы;
   Іс-шараны музыкамен рәсімдеген және 11-сыныптың ата-аналарымен бірлесіп, «Тоқымқағар» салты туралы шағын қойылым ұйымдастырған – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Шоранова Гүлдария Ажикуловна;
   9-сыныптың ата-аналарымен « Тұсау кесу» дәстүрін ұйымдастырған – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Умерджанова Жанар Тоқтарбайқызы.
   Іс-шараның мақсаты:
лицеистерге Наурыз – жыл басы, Ұлыстың Ұлы күні екендігін, мейрамның тарихи маңызын түсіндіру; қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауға, қастерлеуге тәрбиелеу; туған жеріне сүйіспеншілігін арттыру, өзге ұлт өкілдерін құрметтеуге баулу.
   Наурыз мейрамы – Қазақстанда көктемнің жаңару мерекесі. Шығыс күнтізбесі бойынша, Наурыз – жаңа жылдың басы, көктемгі күн мен түннің теңесу күні. Ынтымағы жарасқан көпұлтты елімізді Қыдыр ата аралап, ақ батасын беретін күн. Жауған нөсердей шашу шашылып, әр шаңыраққа құт-береке даритын күн. Жыл басының алғашқы белгісі – «Көрісу» салт-дәстүрі. «Көрісу» күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Бұл күні барлық өкпе-реніш ұмытылып, кешіріледі.
   «Көрісу» жаңа өмірдің бастамасы болып табылады.
   Мерекелік іс-шараның шымылдығын ашқан Лицей бастығы генерал-лейтенант Майкеев Мұрат Жалелұлы құттықтау сөзінде Наурыз мейрамының қазақ елі үшін қаншалықты қасиетті де қастерлі күн екендігін айтып өтті.

   Сахналық қойылымдар, ертегі кейіпкерлері: «Күн мен Түн», «Ақпан-Тоқпан, Зымыстан», «Жұлдызшылар», жыл басы – Ұлу жылы, немесе шығыс күнтізбесі бойынша, жасыл ағаш Айдаһар, сарқылмас ақ тілегін үйіп төккен Қыдыр ата, қазақ халқының даналық үлгісі ретінде қойылған «Төле бала» көрінісі көрермендердің көңілінен шықты.
   Әуендете орындалған әндер, нақышына келтіріліп билеген бишілердің «Қара жорға» биі, арыстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтау үшін арнайы ән шашуымен келген «Мұрагер» домбырашылар тобы мерекені ажарландыра түскендей болды.
   Тәуелсіз елімізде ата-бабамыздан мирас ретінде қалдырылған, ұрпақтан- ұрпаққа жалғасын тапқан көне салт-дәстүрлерді қадірлеу, дәріптеу, ұрпақтың санасына сіңіру – біздің міндетіміз. Осы орайда арыстандықтардың назарына ұсынылған қазақ халқының «Көрісу» амалы, «Тұсау кесу» салты, «Тоқымқағар» дәстүрі көңілден шығып, көрермендерді ерекше қуанышқа бөледі.

   Наурыз мейрамы барша қауымды шаттыққа бөлеп, жоғары дәрежеде өтті.
   «Ежелгі Наурыз мейрамы қазіргі заманға бейімделіп, қоғамда саяси тұрақтылықты, достық пен келісімді нығайтудың, жалпы қазақстандық, отбасылық мерекенің тетігіне айнала бастады» деген қорытынды жасауға болады.


Халқым саған бар үмітін жалғапты!
Жылда осылай келе берсін жарасып!
Ұлыстың Ұлы күні
Жылдан жылға жалғасып!



Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Салимова Несіпкүл Төлегенқызы