ҚЗ  /  РУ  /  EN
  
   Қазақтың ұлттық мейрамдарының ішінде Наурыз мерекесінің мән-мағынасы айырықша ерекше. Ұлыстың ұлы мейрамының үлкен-кішіге берер тағылымы мол. Наурыздың сәні болған қазақтың салт - дәстүрін, әдет-ғұрыптарын паш ету, дәріптеу, ұрпаққа үлгі ету – біздің мақсатымыз.

   «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» Қоғамдық қорының филиалы «Арыстан» мамандандырылған лицейінде шапағатын шашып, қуанышқа бөлеген төл мерекемізді, Наурыз мейрамын ерекше салтанатпен тойлап өттік. Күн мен түннің теңелген, табиғаттың жаңарған, жер жылынып, мал төлдеген уақытта қазақ халқы алыстағы ағайын-туыс, дос-жаранмен сағыныса көріскен. Сондықтан біз де ежелгі «Көрісу» салтымен қадірменді қонақтарды құшақ жая қарсы алумен бастадық. Лицейіміздің үрмелі аспаптар оркестрінің жетекшісі Исабеков Абудың бастауымен думанды мерекелік композиция барша қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Осы тамаша көктем күйін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Г. Ә. Шоранова жетекшілік ететін домбыра оркестрі көкке өрлетіп, көсем сөз өнерпаздары асқақтата жыр толғады. Салтанатымызға арнайы шақырылған қонақтар – Т. Жүргенев атындағы өнер академиясы колледжінің өнер қырандары сал-серілік дәстүрлі қойылымымен барша жұртты тамсандырды. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» демекші, құт пен берекенің, ырыс пен бақтың жаршысы болған Қыдыр атаның батасын алып, тоқтық пен молшылықтың, бірлік пен ынтымақтың белгісі қасиетті «Тай қазан» салтанатты түрде алаңның көркін кіргізді.
   Мерекенің барысы қазақтың ұлттық билерімен жалғасып, ақ тілекті ару аналардың шашуымен әрленді. Ұлыстың ұлы мерекесімен барша қонақтарды, лицей ұжымы мен шәкірттерін «Арыстан» мамандандырылған лицейінің басшысы, запастағы генерал-майор, педагогика ғылымдарының докторы Тауланов Сәбит Сәуменұлы құттықтап, ақ тілектер легін арнайы шақырылған қонақтардың бірі Бесқайнар ауылдық аймағының әкімі Шорманов Мейіржан Шорманұлы жалғастырды. Мерекелік іс-шарада қазақ тілі пәнінің мұғалімі Шоранова Гүлдария Әжіқұлқызының жетекшілігімен көптеген әсем әндер шырқалып, би үйірмесінің жетекшісі Юлиана Сергеевна Лемешкинаның бишілер тобы би билеп, вокал үйірмесінің жетекшісі Ольга Трубочеваның шәкірттері жиналған қауымды әсем ән құшағында тербеді.
   Шешендік өнерді дәріптеу мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушылары Өміржанова Жанар Тоқтарбайқызы, Есенғожаева Айгерім Жәнібекқызының және лицей оқушыларының орындауындағы «Қазыбек бидің төрелігі» қойылымы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Осы Наурыз думанның негізгі сценарийін құрып, мерекелік бағдарламаның басы-қасында болған Лицейдің тәрбие істері жөніндегі орынбасары Владимир Анатольевич Райхель мен қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Несипгуль Төлегенқызы Салимоваға көпшіліктің айтқан алғысы ерекше болды.
   Осындай мәнді де мағыналды мерекеге лицей шәкірттерінің ата-аналары да белсенді түрде ат салысты. Олар «Қыз ұзату», «Беташар», «Бесікке салу» дәстүрлерін өз шеберліктері мен қызығушылықтарының арқасында үйлесімді түрде көрсете білді. Мереке қонақтары лицей алаңына арнайы тізіле тігілген киіз үйлерде лицей ұжымы дайындаған және ата-аналардың жайған мол дастархандарынан дәм татты.
   Мейрамымыз қазақтың ұлттық спорттық ойындары «Арқан тартыс», «Теңге алу», «Аударыспақ», «Қазақша күрес» тағы басқалармен жалғасты. Ұлттық ойынға қатысушы командалар жеңімпаздары анықталып, сыйлықтармен марапатталды.
   Шығыс халықтарының, оның ішінде қазақ халқының ұлы мерекесі болып саналатын ұлттық мейрамды тойлау арқылы «Арыстан» мамандандырылған лицейінің шәкірттерінің патриоттық сезімдерін ояту – басты мақсатымыз. Ұлыстың ұлы күні –Наурыз мейрамы жөнінде түсінік бере отырып, сахналық қойылымдар арқылы халқымыздың озық салт-дәстүрлерін бойларына дарытып, шынайылыққа, адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде лицей ұжымы үлкен үлес қосып келеді.


Дайындаған: «Арыстан» мамандандырылған лицейінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Есенғожаева Айгерім Жәнібекқызы