ҚЗ  /  РУ  /  EN
  

«Арыстандағы» Наурыз думаны

   Ұлыстың ұлы мейрамының ұлт тарихынан алатын орны ерекше. Наурыздың сәні болған қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын паш ету, дәріптеу, ұрпаққа үлгі ету мен Наурызды ұлықтау арқылы ұлттық дәстүрімізді жаңғыртамыз.

   «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» Қоғамдық қорының филиалы «Арыстан» мамандандырылған лицейінде Ұлыстың Ұлы Күнін – Наурыз мейрамын ерекше салтанатпен тойлап өттік. Күн мен түннің теңелген, табиғаттың жаңарған, жер жылынып, мал төлдеген уақытта қазақ халқы алыстағы ағайын-туыс, дос-жаранмен сағыныса көріскен. Сондықтан біз де ежелгі «Наурыз көшін» салтанатпен қарсы алып, «Көрісу» салтымен қадірменді қонақтармен көрістік. Жаршыларымыз Наурыз көшін мадақтап, «сүйіншілеген» балалар үні тау баурайын жаңғыртты. Осы тамаша көктем күйін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Г. Ә. Шоранова жетекшілік ететін домбыра оркестрі көкке өрлетіп, әсем әуеннің бірінен соң бірі үздіксіз төгіліп, мерекенің думанын қыздырды. Салтанатымызға арнайы шақырылған қонақтар, Қоғамдық Қордың өкілдері, Ұлыстың Ұлы Күнінің бар салтанатымен аталып өткеніне ерекше риза болып, алғыстарын білдірді.
Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» демекші, құт пен берекенің, ырыс пен бақтың жаршысы болған Қыдыр атаның батасын алып, тоқтық пен молшылықтың, бірлік пен ынтымақтың белгісі қасиетті «Тай қазан» салтанатты түрде алаңның көркін кіргізді. Ұлттық «Қара жорға» биі шаттық көңіл сыйласа, шынайы қуаныштың жаршысы болған «Шашу» жоралғысы мерекені қыздыра түсті. Алғашқы отқа табыну тұсынан қалған Отқа, Суға, Күнге, Жерге табыну рәсімі де түрлі-түсті маталарды ойната білген оқушылардың әдемі қимылымен ерекше сипатқа ие болды.

   Мерекенің барысы қазақтың ұлттық билерімен жалғасып, ақ тілекті ата-аналардың ыстық лебіздерімен әрленді. Ұлыстың ұлы мерекесімен барша қонақтарды, лицей ұжымы мен шәкірттерін «Арыстан» мамандандырылған лицейінің басшысы, запастағы генерал-майор, педагогика ғылымдарының докторы Тауланов Сәбит Сәуменұлы құттықтап, ақ тілектер легін арнайы шақырылған қонақтардың бірі – Бесқайнар ауылының әкімі Шорманов Мейіржан Шорманұлы жалғастырды. Мерекелік іс-шарада қазақ тілі пәнінің мұғалімі Шоранова Гүлдария Әжіқұлқызының жетекшілігімен көптеген әсем әндер шырқалып, би үйірмесінің жетекшісі Юлиана Сергеевна Лемешкинаның бишілер тобы «Көктем» флэшмобын билеп, лицей көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі, ҚР композиторлар Одағының мүшесі Х.З.Сетеков шәкірттерінің орындауындағы «Наурыз» хоры жиналған қауымды әсем ән құшағында тербеді. Бұл той көргендер де арманда, көрмегендер де арманда болатындай ерекше қызулы, шұғылалы, шуақты, көңілді түрде өтті. Думанның соңындағы бүкіл алаң болып шырқалған «Атамекен» әні мерекенің рухын шалқытты.


   Мерекенің жүргізушілері 10-сыныптың үздік лицеисі Қалиев Диас пен 9-сынып лицеисі Оспан Темір күмбірлеген дауыстарымен той-думанды қыздыра түссе, осы Наурыз думанның негізгі сценарийін құрып, мерекелік бағдарламаның басы-қасында болған Лицейдің тәрбие істері жөніндегі орынбасары Владимир Анатольевич Райхель мен қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері Шоранова Г.А., Терликбаева М.Ж., Салимова Н.Т., Өміржанова Ж.Т. көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

   Осындай мәнді де мағыналды мерекеге лицей шәкірттерінің ата-аналары да рота командирлерімен, психологтармен бірге белсенді түрде ат салысты. Олар «Бесікке салу», «Тоқымқағар», «Тұсау кесу» дәстүрлерін өз шеберліктері мен қызығушылықтарының арқасында үйлесімді түрде көрсете білді. Мереке қонақтары лицей алаңына арнайы тізіле тігілген «Аландар», «Сұңқарлар», «Түлектер» деп аталған киіз үйлерде лицей ұжымы дайындаған және ата-аналардың жайған мол дастархандарынан дәм татты. 14 сәуір естен кетпестей ерекше көңіл күй сыйлады.
   Мейрамымыз қазақтың ұлттық спорттық ойындары «Арқан тартыс», «Теңге алу», «Аударыспақ», «Қазақша күрес» тағы басқаларымен жалғасты. Спортсмендер А.Т.Бекишев пен Р.М.Искендиров ұлттық ойынды қыздырып, ойынға қатысушы командалар жеңімпаздарын анықтап, сыйлықтармен марапаттады.

   Шығыс халықтарының, оның ішінде қазақ халқының ұлы мерекесі болып саналатын ұлттық мейрамды тойлау арқылы «Арыстан» мамандандырылған лицейінің шәкірттерінің патриоттық сезімдерін ояту – басты мақсатымыз. Ұлыстың ұлы күні –Наурыз мейрамы жөнінде түсінік бере отырып, сахналық қойылымдар арқылы халқымыздың озық салт-дәстүрлерін бойларына дарытып, шынайылыққа, адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде лицей ұжымы үлкен үлес қосып келеді.

   Жылда Наурыз мерекесін тойлаған сайын ұлттық рухымыз өсіп, ұлттық салт-дәстүрлер туралы түсінігіміз кеңейеді, жас ұрпақтың жадына тамаша салт-дәстүрлерді қадірлеу туралы түсінік сіңіріліп, олар оның театрландырылған қойылымдарын тамашалайды. Тамаша дәстүрлеріміз жаңғыра берсін, Ұлыстың Ұлы Күнінің қуанышын бізбен бірге бөлісе берулеріңізге әрқашан тілектеспіз! Ұлыс оң болсын!


Дайындаған: «Арыстан» мамандандырылған лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
Өміржанова Жанар Тоқтарбайқызы