23 февраля 2019
БҰҰ Кіші Моделі -2019 жыл!
Ақпан айының 21-22 күндері «Мирас» халықаралық мектебінде Біріккен Ұлттар Кіші Моделі¬-2019 интеллектуалды ойыны 10-ға жуық командалар арасында тартысты түрде өтті. Мектеп директоры Власянц Ирина Рамильевна ханым мемлекеттік тілде интеллектуалды ойын қатысушыларына сәтті қадам тілеп, ағылшын тілінде осы интеллектуалдық ойынның мақсаты мен берер тағылымына тоқталды. Құрылғанына биыл тұп-тура 20 жыл толып отырған халықаралық «Мирас» мектебі бұл интеллектуалдық ойынды естен кетпестей әсерлі қылып өткізді. Екі күн ішінде Алматы қаласынан, Астанадан, Оралдан және Алмалыбақтан келген топтар арасында түрлі мәселелерді шешу жолдары қарастырылып, тиімді ұсыныстар жасалды. Әр мемлекет өкілдерінің атынан баяндау хаттар 1,5 және 2 минут аралығында оқылып, талқылауға түсіп отырды. АҚШ, Ресей, Жапония, Швеция, Түркия, Корея, Германия, Жаңа Зеландия, Австрия, Италия т.б. мемлекеттер өкілдері атынан сөз алған делегаттар төраға мен төрайымдардың басшылығымен, өз ұсыныстарын айтып, пікірлерін достық талқылаудан өткізіп, екінші күні өз Жарғыларын биік мінберден қорғады. Биылғы бір ерекшелік екі декларациядан басқасының бәрі ағылшын тілінде қорғалды. «Арыстан» мамандандырылған лицейінің лицеистері өз резолюцияларын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қорғап, үштілділік саясатын толық жүзеге асырып жатқандықтарын іс жүзінде паш етті. Биыл МЛ «АРЫСТАН» БҰҰ Кіші Моделі ¬¬-2019 сайысына лицейден 17 лицеист қатысты. Оның 7-сі қазақ тілінде экологиялық комитетке қатысты, енді бір жетеуі ағылшын тілінде сөз сайысына түсті, 3-і орыс тілінде шартты түрде ойнайтын өз мемлекеттерінің мүдделерін өте жоғары деңгейде қорғап шықты. Өздерін өзгелерге танытты және өзге оқу мекемелерінің жақсы салттарымен танысты. Ұйымдастырушылар тарапынан барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталды. Биылғы жылғы интеллектуалдық ойынның майталмандарымен Сіздер де таныса отырыңыздар. Олар: Майкенов Ақжол, Жұмахан Ерсұлтан, Сұлтан Нұрислам, Қожаев Бекжан, Орынғалиев Арлан, Хайролла Алмат, Султанов Алихан, Бейсембі Алихан, Алпысбай Шоқан, Қабимолла Шерхан, Нұрғазы Мәдім, Ге Алекс, Артем Лученков, Амирали Али, Алибеков Жангир, Байкен Алихан, Серикбай Амирхан. Лицеистердің бұл интеллектуалдық ойынға жоғарғы деңгейде қатысуына бағыт-бағдар беруші лицей ұстаздары Қуаныш Толеуович, Рыскелді Мырзағалиевна, Перизат Болатовна, Луиза Владимировна, Жанар Тоқтарбайқызы өз шәкірттерінің тілдік, саяси, шешендік, геосаяси тұрғыдан күткен биіктен көрінгендеріне риза болысты.
Осындай лицеистердің танымдық, тұлғалық, құзырлылық қасиеттерін дамытатын интеллектуалдық ойынға жыл сайын қатысуға мүмкіндік берген «Арыстан» лицейінің басшылығына, лицейдің бастығы запастағы генерал-майор Сәбит Сәуменұлы Таулановқа лицеистердің айтар алғысы шексіз.
«Мирас» халықаралық мектебінің бұл интеллектуалдық ойынды дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқаны өскелең ұрпақ үшін өнегелі бір іс-шара болып табылады. Рахмет, саған халықаралық «Мирас» мектебі! Жас ұрпақтың ағылшынша тілін ұштап, ойларын ортаға салар ертеңгі елдің көсемдерін дайындау ісіндегі белсенділігің үшін көп алғыс!
Өміржанова Жанар