ҚЗ  /  РУ  /  EN

Білім күніндегі Тәуелсіздік туралы толғаныс.

   1 қыркүйек. Білім күні. «Арыстан» білім ордасы. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Халыққа жолдау. Осы ойлар өзара байланыста, шиеленісте. Жыл сайын бүкіл елімізде мектептер есігін айқара ашып, қуанышпен шәкірттерін қарсы алып, ерекше мейіріммен атап өткізілетін күн – Білім күні.
   Жаңа оқу жылының басталуы «Арыстан» лицейінде бүкіл Қазақстан оқу мекемелеріндегідей алғашқы сынып сағатымен басталды. Тақырыбы биылғы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып, Тәуелсіздік жетістіктері туралы әңгімеленді.
   Ең алғашқы мұғалім сөзі лицеистерге арналған дәстүрлі «Тартудан» басталды. Тартудың негізі мақсаты – үстіміздегі оқу жылына арнап, балаларға ізгі ниет пен жылы лебіз білдіру, лицеистердің жақсы оқып, үздік нәтижелерге жетуіне бағдар беру, жол сілтеу.
   Сынып сағатында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын кең көлемде мерекелеу аясында қол жеткізген ірі жетістіктеріміз санамалап айтылып, Елбасы бастаған өкімет басшыларының, халық қалаулыларының, жалпы халықтың осы отыз жылда мемлекетіміздің гүлденуіне қосқан үлесі туралы ой толғанды.
   Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Тәуелсіз мемлекеттің ірі белеске шығуы, оның шекарасын белгілеуі және БҰҰ-на мүше болуы, халықаралық түрлі саммиттер өткізуі, жалпы алғанда Қазақстанның Туы мен абыройы білім тартысы мен спорт сайыстарында жиі желбіреуі жас ұрпақты алға қарай жігерлендіреді.
   Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары туралы айта келіп: «Қазақстан –дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар» деп жастардың болашағы үшін бар мүмкіндікті жасауға шақырды. Президентіміз 2021 жылғы мемлекеттік іс-шаралар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналатындығын айтты.
   Біздің лицеистердің осы сынып сағатынан алған тағлымы мол. «Арыстандықтар өздерінің сүйікті Отанының 30 жылдық мерекесін жақсы үлгерімімен, өнегелі тәртібімен қарсы алуға ат салысады» деп өз шәкірттерімізге үлкен сенім артамыз.


11В сыныбының сынып жетекшісі Салимова Н.Т