ҚЗ  /  РУ  /  EN

«Жыр жүйрігі – Мұқағали» атты әдеби-сазды кеш

   «Арыстан» мамандандырылған лицейінің сахнасында ақпан айының 18 жұлдызында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Жыр жүйрігі - Мұқағали» атты әдеби-сазды кеш өткізілді.
   Саф өлеңнің жүйрігі, ақиық ақын, қазақ поэзиясының мұзбалағы,тау тұлғалы талант, дарынды дарабоз, «Ғасыр ақыны» атанған, миллион сырлы сезімнің иесі – Мұқағали Мақатаев биыл 91 жасқа келер еді...
   Аталып өткізілген әдеби-сазды поэзиялық кеш Мұқағали атамыздың рухына арналды.

   Өмірін өлеңге, өлеңін мәңгілік өмірге айналдырған дара таланттың шығармашылығын Лицейдің белсенді лицеистері ерекше тебіреніспен жеткізді. Кешке қатысушы 9,10- сынып лицеистері Мұқағали Мақатаевтың әр түрлі тақырыптағы өлеңдерін жоғары деңгейде мәнерлеп оқып берді. Сұлтанбек Ернұрдың, Бердіхан Елнұрдың, Үмітқали Аманның, Қуантай Нұрасылдың, Мұратбек Алиханның, Акитов Абылайдың, Жеңісбекұлы Дінмұхамедтің, Манас Диастың, Жұмабек    Нұрболдың оқыған өлеңдері жүректі тербеп, сол баяндаған оқиғалар көз алдыңда болғандай сезім тудырды. Мұқағалидің өмірінен бейнебаян көрсетілді.
   Көрермендер Мұқағали Мақатаевтың поэзиясының асқақ рухын сезіне білгендей, себебі ақиық ақынның поэзиясы отансүйгіштікке, туған жеріне, еліне, тіліне, өмірдегі ең асыл адам - анасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді.    Мұқағали Мақатаевтың шығармаларындағы қай тақырыпта болмасын жазылған өлеңдерінің жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі, ақыл-өнегесі ұшан-теңіз. Көзі тірісінде-ақ Мұқағали ақынның өзі айтып кеткендей, күн күнге, жыл жылға ұласып, жылжыған сайын, өнерді құрметтейтін, поэзияның тылсым сырларын түсінетін жаңа ұрпақ өмірге келген сайын ұлы ақын тұлғасы мəңгі алдыңда жаңарып, қасқайып тұрады...
   Әдеби кештің соңында «Ашық микрофон» айдары ұйымдастырылып, көрермендер ақынның өлеңдерін оқыды. Артына айрықша өшпейтін із қалдырған қазақтың біртуар азаматын еске алуға арналған әдеби-сазды кеш «Есіңе мені алғайсың» әнімен қорытындыланды.

   Әдеби кеш қазақ поэзиясының тереңдігі мен сұлулығын паш етіп, ғасырда біртуар ақиық ақын Мұқағали Мақатаев мұрасының мәңгілік екенін тағы бір дәлелдеп өтті. Лицеистер Мұқағали шығармашылығына қызығушылықтарын білдіріп, жақсы әсер алды.



Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Салимова Несіпкүл Төлегенқызы