ҚЗ  /  РУ  /  EN

«Тәуелсіз Қазақстаның халық батырлары» – «Арыстан» лицейінде


   Әрбір адам үшін ең асыл қазына – Отанын, туған елін сүю. «Біздің тарихымыз –батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық, ерлік деген ұрпақтан ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Біздің қазақ халқы — батыр халық»,– деп Халық батыры Бауыржан Момышұлы айтқан екен.

   Болашақ жас батырларды дайындап жатқан «Арыстан» мамандандырылған лицейінде 2024 жылдың 28 қарашасында Қазақстанның халық батырларымен үлкен кездесу өтті. Кездесуге еліміздің әр өңірінен келген қонақтар – Халық Қаһарманы, генерал-полковник Тоқпақбаев Сәт Бисембаевич, генерал-лейтенант Ертаев Бақытжан Ертайұлы, полковник Жұмаділов Азамат Тлеуханович, еңбек ерлері – Қазақстан Республикасының Халық әртісі Мұсаходжаева Айман Қожабековна, орта мектеп мұғалімдері: Шымкент қаласынан Соловьева Алина Робертовна, Семей қаласынан Шукыжанова Алма Сайдахметовна, Алматы қаласынан Нұрпейсова Гүлжанар Молдакеримовна, Орал қаласынан Траисова Эльмара Аскаровна, сонымен бірге Астана қаласы Онкологиялық диспансерінің дәрігері Төлеутаев Мұхтар Есенжанович, сондай-ақ Жезқазған қаласы «Қазақмыс корпорациясы» кенішінің өткізгіші Макишев Тұрсынбек Шамбулович, Екібастұз қаласынан «Восточный» кенішінің механигі Аширов Рышат Бабаевич, Атырау облысы «Теңізшевройл» менеджері Куатов Руслан Туржанович сынды еңбек майталмандары болды. Келген қонақтарды лицей шәкірттері салтанатты саппен тұрып қарсы алды. Қонақтарды салтанатпен қарсы алу кезінде лицейдің шеру алаңында лицеистердің қоян-қолтық ұрыс ойыны көрсетіліп, соңында барлық сапта тұрған рота лицеистері «Мен қазақпын» әнін рухтана шырқады. Одан кейін ішке енген қонақтарды лицей басшысы генерал-лейтенант Майкеев Мұрат Жәлелұлы мырза қонақтарды өзі бастап, лицей ғимаратының ішкі аумағымен таныстырды. Онда оларға жас жігіттердің суда жүзіп үйренуіне жасалған заманауи бассейн, жаңа ашылған IT және киберқауіпсіздік сыныбы көрсетілді. Сонымен бірге лицеистер дрондарды басқарудағы қабілеттерін көрсетіп, қонақтарды таң қалдырды. Сондай-ақ қонақтарға олар хакерлік шабуылдардан қалай қорғану керектігі көрсетті. Қонақтар тарапынан танысу барысында лицей оқушыларына сұрақтар қойылып, олар оң жауаптарын алды. Қонақтардың тағы бір ерекше назар аударғаны лицей оқушыларының оқу үлгерімдерімен танысу болды. Лицеистер интерактивті тақтамен көрнекі түрде сабаққа қалай дайындалып, жауап беретіндерін айтып берді. Экскурсия барысында лицей бастығы генерал-лейтенант Майкеев Мұрат Жалелұлы қонақтарға халықаралық дәрежедегі үздік спортшылар мен үздік оқушылар – «Дарын» сыйлығының иегерлерін мақтанышпен атап өтті. Бұдан кейін халық батырлары лицейдің атыс алаңында болып, лицестердің оқ ату шеберлігіне куә болды. Экскурсия барысында келген меймандар лицейдің озат лицеистерімен естелікке суретке түсті. Халық батырларының құрметіне лицейдің әдемі акт залында көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысатын лицеистер концерт берді. Сахнада 10-сыныптардан құрылған вокалдық тобының орындауында орындалған патриоттық әндер көрермендердің рухын көтерді. Домбырашылар ансамблі Құрманғазының әйгілі «Адай» күйін күмбірлете орындап қонақтарға мерекелік тарту етсе, биші жігіттер ерекше ықыласпен заманауи билерін көрсетті. Салтанатты кездесуге арналған қонцерт соңында қонақ генерал-полковник Ертаев Бақытжан Ертайұлы лицей басшысына кездесуге келген қонақтарды керемет салтанатпен күтіп алу іс-шараларының жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғаны жайында алғысын айтып, жылы лебізін білдірді. «Тәуелсіз Қазақстаның халық батырлары» қоғамдық бірлестігі бірігіп, жастарды азаматтық-патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштікті қалыптастыру бойынша жұмыстарды жүргізіп жатқандығы жайлы айта кетті. Соңы лицеистерге болашақтағы әскери мамандықты таңдаудағы арман-мақсаттарының орындалуына ақ жол тілеп, өзінің кітабын лицей кітапханасына сыйға тартты.


   Тәуелсіз Қазақстаның халық батырларымен кездесу лицей шәкіртерінің көкірегінде Отанға деген сүйіспеншілік отын лаулатары сөзсіз. Оларға оқуда озат, еңбекте жаңашыл, қызметте адал болуға шақыратын осындай игі мерекелік шаралар үлкен үлгі болары хақ!


Мақаланы жазған
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Шоранова Гульдария Ажикуловна