18 Сәуірінен 2022
Хош келдің, Наурыз мерекесі!
Уа, жарандар, жарандар!
Наурыз келді, қараңдар.
Ұлы күнін ұлыстың
Жақсылыққа балаңдар.
2022 жылдың 16 сәуірінде «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» Қоғамдық қорының филиалы «Арыстан» мамандандырылған лицейінде Ұлыстың ұлы күнін – Наурыз мейрамын ерекше салтанатпен өтілді. Қасиетті домбырадан төгілген «Балбырауын» мен «Ерке сылқым» күйлері Лицейдің домбыра оркестрінің орындауында Алатау бөктерін әдемі әуенге, сиқырлы сазға бөледі. Күн мен түннің теңелген, табиғаттың жаңарған, жер жылынып, мал төлдеген уақытта қазақ халқы алыстағы ағайын-туыс, дос-жаранмен сағыныса көріскен. Сондықтан біз де ежелгі «Көрісу» салтымен қадірменді қонақтарды құшақ жая қарсы алдық.
Осы тамаша көктем күйін 11 сыныптың «Көктем» флеш-мобы хореограф Ю.С.Лемешкинаның жетекшілігімен ерекше қыздырды. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» демекші, құт пен берекенің, ырыс пен бақтың жаршысы болған Қыдыр атаның батасын алып, тоқтық пен молшылықтың, бірлік пен ынтымақтың белгісі қасиетті «Тай қазан» салтанатты түрде алаңның көркін кіргізді. Тай қазанды алып өткен бишілер тобы «Қара жорға» биін билеп, көпшіліктің айызын қандырды.
Мерекенің барысы қазақтың ұлттық билерімен жалғасып, ақ тілекті ару аналардың шашуымен әрленді. Тамашаға жиналған көпшілікті дуэттің орындауындағы «Бір ел болса» әні мен квартеттің орындауындағы «Атамекен» әні (көркемдік жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шоранова Гүлдария Әжіқұлқызы) ән әлемінің құдіретіне тәнті етсе, Лицей хорының орындауындағы «Наурыз» әнін (көркемдік жетекшісі – ҚР еңбегі сіңірген композиторы Х.З.Сетеков) бар адамдар қосыла шырқады. «Майлықожаның термесін» нәшіне келтіре шырқаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұлдыз Абайәліқызы да мерекенің сәнін толтырып, ұлттық мерекеміздің салтанатын асыра түсті.
Ұлыстың ұлы күнімен барша қонақтарды, лицей ұжымы мен шәкірттерін «Арыстан» мамандандырылған лицейінің басшысы, запастағы генерал-майор, педагогика ғылымдарының докторы Тауланов Сәбит Сәуменұлы құттықтап, ақ тілектер легін арнайы шақырылған қонақтардың бірі Бесқайнар ауылдық аймағының әкімі Арман Асылұлы Джабаев жалғастырды.
Ұлттық тарихымызды, өнерді дәріптеу мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушылары Өміржанова Жанар Тоқтарбайқызы мен лицеистер орындауындағы «Қазақ хандығы» қойылымы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Осы Наурыз думанның негізгі сценарийін құрып, мерекелік бағдарламаның басы-қасында болған Лицейдің тәрбие істері жөніндегі орынбасары Владимир Анатольевич Райхель мен Мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қалиева Жанар Тұрарқызына, дыбыстық жағынан әрлеген Алишер Айсаұлына көпшіліктің айтқан алғысы ерекше болды. Осы мереке көрген де, көрмеген де риза боларлықтай болды, себебі елімізге келген коронавирустың салдарынан екі жылдан бері бұндай үлкен халықтық мерекелер өткізілмеп еді. Наурыз думанға тарту ретінде ата-аналар комитеті ұйымдастырған жеке номерлер де көпшіліктің жүрегінен жылы орын алды.
Осындай мәнді де мағыналды мерекеге лицей ұйымынан рота, взвод командирлері мен лицеистердің ата-аналары да белсенді түрде ат салысты. Олар «Тұсау кесу», «Беташар», «Бесікке салу» дәстүрлерін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Нисипгуль Төлегеновна Салимованың білікті басшылығымен орындап, өз шеберліктері мен қызығушылықтарының арқасында үйлесімді түрде көрсете білді. Мереке қонақтары лицей алаңына арнайы тігілген киіз үйлерде лицей ұжымы дайындаған және ата-аналардың жайған мол дастархандарынан дәм татты. Арнайы жасалынған Наурыз көже лицеистер мен Наурыз думанды тамашалаушыларға толық таратылды. Көженің беретін мағынасы: дәм-тұзымыз араласып, ынтымақ-бірлігіміз нығайсын, көже секілді мидай араласып, көжедей дәмді қатынаста болайық, біріміздің ырысымыз бірімізге жұғысты болсын деу. «Жаңа келген жылдың несібесі толық болсын» деп наурыз көже ыдыстарға толтыра құйылды. Бұдан өзге дәмді тағам түрлері дастарханның сәнін келтіріп, көңілді толтырып тұрды. Концерттің соңына қарай Лицей қызметкерлері мен әр ротаның дайындаған концерттік номерлері мерекеге жиналған көпшіліктің көңілінен шықты.
Дәстүрлі түрде мейрамымыз қазақтың ұлттық спорттық ойындары «Арқан тартыс», «Теңге алу», «Аударыспақ», «Қазақша күрес» тағы басқалармен жалғасты. Ұлттық ойынға қатысушы командалар жеңімпаздары анықталып, сыйлықтармен марапатталып, мерейлері өсті.
Шығыс халықтарының, оның ішінде қазақ халқының ұлы мерекесі болып саналатын ұлттық мейрамды тойлау арқылы «Арыстан» мамандандырылған лицейінің шәкірттерінің патриоттық сезімдерін ояту, ел мен жер тарихына, салт-дәстүріне деген құрмет сезімін қалыптастыру – басты мақсатымыз. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы жөнінде түсінік бере отырып, сахналық қойылымдар арқылы халқымыздың озық салт-дәстүрлерін бойларына дарытып, шынайылыққа, адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде лицей ұжымы үлкен үлес қосып келеді. Тұлға ретінде тәрбиеленіп, сахна көріп, өзін актер мен көрермен ретінде шыңдаған болашақ Отан қорғаушыларымыздың ұлтық рухы осындай мерекелер арқылы асқақтай бермек.
Қазақ халқы Наурыз тойын өткен ғасырларда өте үлкен мейрам ретінде салтанатты түрде тойлаған. Наурыз мейрамы кезінде оның дәстүрлі әдебиеті мен мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-санасы, өткен тарихы, бүгінгі мен болашағы жас буын ұрпаққа үгіттеліп отырған. Осы ата-баба жолын жалғастырып, «Арыстан» мамандандырылған лицейі де Наурыз мейрамын игі ниетпен, жақсы тілекпен, бауырмал жүрекпен бүгінгі талғамға лайықтап, салт-сананы жаңғырта өткізді.
Жанар Тоқтарбайқызы Умерджанова