03 Мамырынан 2022
Туған жерін, халқын соңғы деміне дейін қорғау...
Әскери өмір салтын ұстанатын оқу орны – «Арыстан» мамандандырылған лицейі - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қалыптасқан дәстүрлер мен рәсімдерді құрметтейді, сондықтан Лицейдің рәсімдері мен дәстүрлері қазіргі әскери рәсімдер негізінде қалыптасқан. Лицейдің ресми ашылуынан, яғни 2011 жылдың 24 сәуірінен басталған дәстүр, жыл сайын сәуір айының соңғы сенбісінде кең ауқымда аталып өткізілетін салтанатты рәсімге айналды.
Бұл – Лицей күнін мерекелеу және осы күні 9-сынып оқушыларының ант қабылдау күні. Ежелгі заманнан бері әлемнің көптеген мемлекеттерінің Қарулы Күштерінде қолданылып келген ант, әскери ант түрінде «Арыстан» мамандандырылған лицейінде жақсы дәстүрге айналды. Салтанатты түрде 9-сынып оқушылары Лицей атағына лайықты болуға уәде беріп, Отанына, өз халқына, Қазақстан Республикасының Президентіне адал болуға ант береді. Әрбір лицеист-арыстандық Өз Отанының мүддесін қорғауға, өзінің аянбай еңбектенуіне, Лицей идеалдарына сай адалдығын сақтауға ант береді.
Бүгін лицей оқушылары Қазақ хандығынан бастап Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштеріне дейінгі қазақ халқының армиясын қалыптастыру және дамыту кезеңдерін, сонымен қатар болашақ Отан қорғаушылар – арыстандықтар өздерінің дарындылығын жан-жақты мақтанышпен көрсете отырып, қонақтар мен ата-аналарын үлкен қуанышқа бөледі. Атап айтқанда, лицеистер плацта тамаша өлеңдер оқып, ән айтты, «Қазақ хандығы» тақырыбында театрландырылған шағын қойылымды 9-сынып лицеистері актерлік шеберлікпен орындады. Мектеп бітіруші түлектерімізбен бірге Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеттің І курс студенттері орындаған вальс әр көрерменнің көңілінен шыққан тәрізді. Құрмет қарауыл взводының саптық тәсілдерін орындауы да Лицей күні көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл салтанатты күнді біздің лицеистерімізбен қатар олардың мұғалімдері, тәрбиешілері, ата-аналары және құрметті қонақтар қауымы бөлісті. Қонақтардың ішінде болған: Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Бүркітбайұлы Камалетдинов; ҚР әскери-оқу орындарының бастықтары, отставкадағы генерал-майор Владимир Петрович Бондаренко (1998 жылдан 2003 жылға дейін ҚР Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бас қолбасшысы); Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері құрылуының бастауында тұрған ардагерлер; лицеистер тәлімгерлері; Талғар ауданының әкімі Әбдіханов Қайдар Әлиханұлы.
«Арыстан» – лицеистер мен лицей қызметкерлеріне арналған, көптеген ұлт өкілдерін, әр түрлі мінез бен тағдыр иелерін біріктірген ортақ шаңырақ, үлкен отбасы. Біздің арыстандықтар үшін Лицей күні жаңа үлкен жеңістер мен жетістіктердің кезекті жылы болып табылады, өйткені біз тәрбиеленушілеріміздің өмір бойы жадында ант беру сәті сақталатынына, «Арыстандық» атағына лайық болатынына, бұл сезімді мақтанышпен бөлісетініне шын жүректен сенеміз.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Салимова Несіпкүл Төлегенқызы