ҚЗ  /  РУ  /  EN

«Арыстан» лицейіндегі Білім күні мен «Салтанатты уәде беру» рәсімі

   2024 жылдың 1 қыркүйегінде «Арыстан» мамандандырылған лицейінде – Білім күніне арналған салтанатты шара өткізілді. Бұл жиында биылғы оқу жылының 9-сыныбына қабылданып отырған оқушылар «Салтанатты уәде беру» салтанатына сап түзеп, Лицей антын қабылдайды. Салтанатты шарада дәстүрге айналған Ту ұстаушы топ құрамы, майор Тукусбаев Данияр мен 11-сыныптың сап дайындығы бойынша үздік лицеистері – Несіпбай Жасұлан, Темірхан Нұрғазы, Сатылғанов Әділет сынды лицеистер «Арыстан» мамандандырылған лицейінің Туын ортаға алып шықты.

   Лицеистерді оқу жылының басталуымен және «Салтанатты уәде беру» күнімен «Арыстан» мамандандырылған лицейінің бастығы, генерал-лейтенант Майкеев Мұрат Жалелович мырза құттықтады. Құттықтаудан кейін «Арыстан» лицейінің Туын көтеру құрметі 11-сыныптың үздік лицеисті Тынгишев Темірланға беріліп, салтанатты рәсім орындалды.

Білім ордасының табалдырығын аттап 9-сыныпқа қабылданған лицеистер Лицей антын ұрандата айтып, салтанатты жиынның мерейін асырды.

   Салтанаттың соңында бүкіл Лицей құрамының орындауындағы «Мен қазақпын» әні шырқалды. Бұл ән – әрбір қазақтың жүрегінен орын алған, туған тіліне, салт-дәстүріне, қасиетті аспабы – домбырасына сүйіспеншілігін таныта отырып, өз Отанына, жеріне, еліне ерекше ықыласын білдіретін ән. Ән орындалып жатқан кезде мемлекетіміздің көк туын желбіреткен арнайы топ әнге айбын беріп, ерекше әсер қалдырды.
   Мерекенің жалғасы 2 қыркүйек күні Лицейдің акт залында 9-сынып лицеистері мен олардың ата-аналарына арналған салтанатты мерекелік жиын ретінде өткізілді. Кеуделерін қуаныш кернеген лицеистер мен бала қуанышына ортақтасып отырған ата-аналарының алдында Лицей басшысы, генерал-лейтенант Майкеев Мұрат Жалелович мырза биылғы оқу жылының басталуына арнап жылы тілегін білдірді. Жиын соңында ата-аналар өз балаларының жататын орындарын көріп, білім алатын оқу кабинеттерімен танысты. Одан басқа оқушылардың білім қорын толықтыратын заманауи кітапхананың да жұмысымен танысты. Бұл дәстүрлі жарасымды кездесулер ұрпақтардың болашағының жарқын екенін көрсетіп, әр лицеистің жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатты.


Мақаланы жазған Шоранова Гульдария Ажикуловна